Жамбыл жұрты Елдос Сметовке Lexus 600 көлігі мен 5 бөлмелі пәтер сыйлады

1080

Жол бойындағы жамбылдықтар чемпионға зор құрмет, ыстық ықыластарын білдірді. 

Жамбыл жұрты Елдос Сметовке Lexus 600 көлігі мен 5 бөлмелі пәтер сыйлады Фото: Алтынбек Қартабай

Олимпиада чемпионына 5 бөлмелі пәтер мен жол талғамайтын көліктің кілті табысталды.

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметовті Жамбыл облысының жұртшылығы Тараз қаласының шығыс қақпасынан ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Салтанатты іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, өңір тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, спорт жанкүйерлері, белсенді жастар қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.
Жамбыл облысы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі Олимпиада чемпионына ақ батасын берді.
Облыс әкімі Елдос Сметовке барша жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.

Елдос Сметовті қарсы алу рәсімі Ж. Жабаев даңғылы мен Ы.Сүлейменов көшесі бойынша көліктердің салтанатты шеруімен жалғасты.

Іс-шара облыс орталығындағы орталық стадионда жалғасты. 

Жиында сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметов пен жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті ел абыройын асқақтатқан жарқын жеңістерімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ Е.Қарашөкеев Олимпиада чемпионына 5 бөлмелі пәтер мен Lexus LX600 көлігінің кілтін салтанатты жағдайға табыс етті.

Спортшының жеке бапкері де сый-құрметтен кенде қалмады. Ғалымжан Жылгелдидевке 2-бөлмелі пәтер, Hyundai Santa Fe кілті табысталды. Өз кезегінде Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев  жерлестеріне алғыстарын білдірді. 

Салтанатты іс-шара соңы өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу