Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша, 2019 жылы жалпы электромобильдердің саны 7 миллионнан асқан, яғни мұндай көліктің 2,1 миллион данасы сатылған. Бұл туралы Energyprom.kz басылымы хабарлады. Әлемдегі барлық көліктердің шамамен 1%-ы электр қуатымен жүретін көліктердің үлесінде. 2019 жылдың қорытындысына сүйенсек, электромобильдердің жартысына жуығы (47%) Қытайға, 25%-ы (1,7 млн) Еуропаға, 20%-ы АҚШ-қа тиесілі болды.
IEA болжамы бойынша, 2030 жылға қарай жыл сайын 43 миллион электромобиль сатылып, олардың жалпы саны шамамен 250 миллионға жетеді.
Электр қозғалтқышы ішкі жану қозғалтқышына қарағанда тиімдірек: мысалы, бензин қозғалтқышының тиімділігі тек 20% -30%, дизельдікі 30%-40%, электр қозғалтқышыныкі 90%.Электр қуатымен жүретін көлікті пайдаланудың энергияға қатысты тиімділігі энергия жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты.
Energyprom.kz басылымының хабарлауынша, елімізде электрмобильдерді дамыту үшін баламалы энергия көздері салынып, электр желілеріндегі шығын төмендетілуі тиіс. Яғни экологиялық тұрғыдан алғанда, "электр станциясы — электр желілері — электромобиль" жүйесінің жалпы шығарындылары электр станцияларының түріне байланысты болады.
Табиғат Нұрболат