Шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері ережені қатаң сақтап жүрген көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға алғыс білдіріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осындай үлгілі азаматтардың бірі – 30 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Светлана Швачкина. Үш онжылдықтың ішінде ол бірде-бір рет жол қозғалысы ережесін бұзбаған және жол-көлік оқиғасына қатысы болмаған.
– Көлік жүргізіп келе жатқаныма 30 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде ешқашан ереже бұзған емеспін. Бүгінде жолда жүріс-тұрыс мәдениетін қаладағы №95 мектеп-гимназиясында балаларға үйретіп жүрмін. Онда “Сирена” жас жол қозғалысы инспекторлары үйірмесін басқарамын. Жол қауіпсіздігін мектеп қабырғасынан бастап үйрету маңызды, – деді Светлана Швачкина.
Полиция өкілдерінің айтуынша, акция аясында облыс орталығында 100-ге жуық жүргізушіге осындай құрмет көрсетілген.
– Шара “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізіліп жатыр. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында ереже сақтауды насихаттау, – деп мәлімдеді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.