Осы жылдың соңына дейін 50-ден астам жасанды интеллект көмекшілері әзірленеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Сенат отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Kazakh large language model жасалынып жатыр. Президенттің тиісті тапсырмасы бар. Бұл елімізде қазақ тілінде жұмыс істейтін жасанды интеллекті дамыту үшін ең негізгі қадамдардың бірі. Бұл жерде цифрландыру министрлігі де біраз жұмыстарды атқарып жатыр", – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрінің сөзінше, былтырғы жылдың аяғында ұлттық үлкен тілдік модель әзірленді.
"Оның негізінде 100 млрд токен жинақталды. Төрт тілде жасалған болатын. Атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері. Қазіргі таңда осы модельді пайдаланып, демоцифрлық 7 шешім әзірленген болатын. Олар Egov, E-otinish, заң жүйесінде пайдаланылатын цифрлық шешімдер. Осы жылдың аяғына дейін біздің жоспарымызға сәйкес қосымша 50-ден астам осындай жасанды интеллект көмекшілері әзірленетін болады", – деді Қаныш Төлеушин.
Айта кету керек, осыған дейін Сенат дарынды оқушыларға грант бөлуді көздейтін заңды мақұлдағанын жазғанбыз.