Елімізде 9 ірі су қоймасы салынады

526

Қабылданған шаралар су ресурстарының артық жұмсалуын жылына 1,2 текше шақырымға қысқартады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елімізде 9 ірі су қоймасы салынады

"Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл  суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше шақырымға қысқарады", – деді Асқар Мамин. 

Осылайша алдағы бес жылда ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 ірі су қоймасын салу жоспарланған. 

Сонымен қатар өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі. 

"Жалпы су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше шақырым көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасында да бар", – деді Асқар Мамин. 

Осылайша Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. 

Ауыл шаруашылығы, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды. 

Сонымен қатар Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министріне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңімен азайту мәселесін пысықтауды жүктеді. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу