Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елорданың ПМПК кабинеттерінің жұмысымен танысты, деп жазады inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"№ 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияда сөйлеу тілі мен психикалық дамуы тежелген, қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесу (аутизм), есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетіледі.
№ 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Мұнда 55 мұғалім жұмыс істейді. Барлығы 460 балаға қызмет көрсететін №1 ППТК бойынша үш бөлім бар. Олар №68 мектеп-гимназиясында, №67 және №77 мектепте орналасқан", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ғани Бейсембаевтың сөзінше, балалардың дамуындағы ерте кезеңде анықтау үшін барлық шараларды қабылдау қажет. Ол ата-аналарға әдістеме бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директоры Әйгерім Кудеринованың айтуынша, 2025 жылға дейін ПМПК желісін 50 мың балаға шаққанда бір ПМПК есебінен 125-ке дейін кеңейту жоспарланып отыр.
ПМПК кабинеттерінен бөлек елімізде 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті де жұмыс істейді.