Ұлттық банктің мәліметінше, 31 шілде күні бір грамм алтын 58 524,25 теңге болған. Ал өткен бейсенбі, 24 шілде күні, қымбат металдың құны шамамен 59 402 теңгеге бағаланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) хабарлауынша, Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқан. Осылайша, елдің резервіндегі жалпы алтын көлемі 298 тоннадан асты.
Бұған дейін 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдары бар 38 перспективалы учаске анықталғаны хабарланған болатын.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында алтынға жалпы сұраныс жылдық көрсеткіш бойынша 1%-ға артып, 1 206 тоннаға жетті – бұл 2016 жылдан бергі бірінші тоқсандағы ең жоғары көрсеткіш.
Орталық банктер алғашқы тоқсанда 244 тонна алтын сатып алған – бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда аз.
Сондай-ақ, алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарға деген сұраныс рекордтық бағаларға байланысты күрт төмендеді: көлемі 2020 жылдан бергі ең төмен деңгейге жетті. Алайда, ақшалай мәнде алтын зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар жылдық есеппен 9%-ға өсіп, $35 миллиардты құрады.