Елімізде бөлшек сауда айналымындағы электронды сауда үлесі 10%-ға жетті

1760

2020 жылы Қазақстанда электронды сауда үлесі 3 есе өсіп, 9,7% - ға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Елімізде бөлшек сауда айналымындағы электронды сауда үлесі 10%-ға жетті

Әлемде электронды сауда жедел қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы әлемдегі электронды сауда көлемі 4,3 трлн доллар болды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артық (3,4 трлн доллар).

Сондай-ақ бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электронды сауданың үлесі де өсіп келеді: 2020 жылы бұл көрсеткіш 18%-ға жетті (2019 жылы – 13,6%).

eMarketer болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда электронды сауда секторындағы оң динамика сақталады.

Сарапшылар 2024 жылы электронды сауда 6,4 трлн долларға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл әлемдегі бөлшек сауданың 21,8%-ы.

Электронды сауда жүйелері Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Кореяда дамыған.

Қазақстанда да электронды сауда нарығының үлесі артуда. Мысалы, соңғы 3 жылда бөлшек сауда айланымындағы e-trading үлесі айтарлықтай өскен. Ал CОVID-19 пандемиясы процесті жеделткен. 2018-2019 жылдары еліміздегі электронды сауданың үлесі 2,9% және 3,8% болса, 2020 жылы ол 3 есе өсіп, 9,7% - ға жеткен.

Елімізде электронды сауданың дамуы ішкі және сыртқы саудаға, қолма-қол ақшасыз төлемдерге оң әсер етіп, бизнес шығындары қысқартуға, көлеңкелі айналымды азайтуға септігін тигізеді. 

2020 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,4 есе өсіп, 35,3 трлн теңгеге жетті. Биыл да бұл тенденция сақталып отыр: 2021 жылдың 2 айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп, 7,8 трлн теңге болған. Мұнда интернет және ұялы телефон арқылы жүргізілген онлайн-төлемдердің үлесі жалпы көлемнің 82%-ына тиесілі.

Халықаралық төлем жүйелері бөлінісінде барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 99,1%-ы MasterCard Worldwide және VISA International үлесінде.
Электронды сауда көлемі B2C сегментінде (business-to-consumer, тұтыну нарығы), сондай-ақ B2B сегментінде (business-to-business, корпоративті нарық) айтарлықтай өскен. Бұл POS-терминалдар инфрақұрылымын ретке келтірумен, Apple Pay және Samsung Pay-дің Қазақстан нарығына шығуымен, банктердің клиенттерді бонустар мен кешбэктер арқылы ынталандырумен, әрі қоғамдық көліктің барлық түрінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланумен байланысты.

Бүгінде елімізде тауарлар мен қызметтерді қолма-қол ақшасыз төлеуге болатын 108 мыңнан аса сауда орны бар. 

Сонымен қатар шағын және орта бизнес қолма-қол ақшасыз төлем режиміне көшу үшін көптеген мүмкіндікке ие болды. Мысалы, MasterCard — tap on Phone халықаралық төлем жүйесінің сервисі шағын және орта бизнес өкілдеріне смартфон арқылы жанасусыз төлемдерді терминал ретінде пайдалануға мүмкіндік берді. Осылайша, кәсіпкерлер POS-терминалды сатып алмай, ақша үнемдеп, клиент базасын айтарлықтай кеңейтті.

Қазіргі таңда бұл қызметті фаст-фуд, бөлшек сауда дүкендері, гүл сататын бутиктер, такси және т. б. сауда орындары жиі пайдаланады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу