Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Atameken Business телеарнасының "Exclusive" бағдарламасында "Ғылым қорының" қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда "Ғылым қоры" коммерцияландыру гранттарын бұрынғы тәсілмен жариялайды. Тапсырма береді, ақшаны таратып жібереді де, күтіп отырады. Нәтиже бар ма, жоқ па – ол көбіне факторға байланысты. Енді "Ғылым қорының" құзыретін толыққанды ауыстырып жатырмыз. Оған венчурлік қор құзіретін беріп жатырмыз. Енді "Ғылым қорының" мақсаты – тек қана мемлекеттің ақшасын алып, тарату емес, басқа жекеменшік венчурлік қорлармен жұмыс істеу, оларға мүмкіндік беру, кепіл ретінде шығу", - деді ведомство басшысы.
Саясат Нұрбектің сөзінше, министрліктің мақсаты 2029 жылға дейін ғылыми жобаларды қаржыландыру көрсеткішін өзгерту: 50% – мемлекеттен, 50% – жеке сектордан.
Айта кету керек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Atameken Business телеарнасының "Exclusive" бағдарламасында "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасындағы негізгі өзгерістерге тоқталған болатын.