Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкіметті ЛГБТ насихатына қарсы петиция талаптарына құлақ асуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кеше ғана әлемдік саясатта елеулі орын алып, бүкіл халықаралық қауымдастықты өзіне қаратқан АҚШ Президентінің ресми ұлықтау рәсімі өтті. Осы күнге дейін әлемнің көптеген елдерінде адам құқығын қорғау, либералдық көзқарасты қалыптастыру мен азаматтық қоғам орнатуды көздеген Құрама штаттарда 47-Президент Дональд Трамп бұдан былай екі жынысты бекітті. Яғни АҚШ-та ер мен әйел жынысы заңмен шегеленді. Бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз", – деді Жаңбыршин Премьер-Министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.
Сөзінше, бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерің төбелерінен жай түскендей болғаны анық.
"АҚШ Президентінің шешімі Мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасты. Өйткені біз Мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Мен білетін Үкіметке кемінде бірнеше нақты депутаттық сауал жолданды. ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормаларын да әзірледік. Алайда, осы әрекеттерімізге кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің "демократияны шектеп жатырсыңдар", "адам құқығын таптап жатырсыңдар" деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді. Тіпті, ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды", – деп атап өтті ол.
Мәжілісмен ЛГБТ насихатына қарсы петиция екі апта ішінде 50 мың қол жинағанын еске салды.
"Үкімет тез арада келесі шараларды қолға алуы қажет. Біріншіден, жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек. Екіншіден, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын заң нормаларын ұсынамыз. Оған Үкімет оң қорытындысын беруі тиіс. Үшіншіден, ЛГБТ-ны қолдап, Мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауы қажет", – деп ұсынды депутат.
Айта кету керек, осыған дейін Ринат Зайытов Қазақстанда бір жыныстыларды насихаттауға толық тыйым салуды ұсынған болатын.