Елімізде мал басы артып келеді

1297

Елімізде мал басы артып келеді

Ауыл шаруашылығы саласындағы қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы өнім мен қызмет республика бойынша 2 трлн 501 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4,9 пайызға артық. Жекелей айтар болсақ, өсімдік шаруашылығы өндірісі 7 пайызға көбейсе, мал шаруашылығы 2,5 пайызға артқан.

21 қазандағы мәлімет бойынша 15,3 млн гектар егістік жиналып, 23,5 млн тонна астық жиналған. Егістіктің шығымы гектарына 15,4 центнерден келеді.

Ауыл шаруашылығына келер болсақ, 2016 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, республика бойынша өткен жылдың алғашқы тоғыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда жылқы саны 6,4 пайызға көбейіп 2 269,7 мың басқа, ірі қара малы 2,7 пайызға көбейіп 6 831,2 мыңға, қой 1,4 пайыз көбейіп 18 137,2 мыңға жеткен. Ал түйе саны 2,3 пайызға артып 181,2 мыңды құрады.

Есесіне шошқа саны 3,1 пайызға кеміп 975,2 мыңды құраса, ешкі саны да 2,9 пайыз азайып 2 582,3 мың болады. Құс саны да 0,9 пайыз кеміп, 38 823,2 мыңды құрайды.

Тиісінше, мал шаруашылығы өнімдерінің де көлемі артып, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 651,5 мың тонна ет өндірілген. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Ал сүт өндірісі 3,3 пайыз көбейген. Яғни, 4 288,6 мың тоннаны құрайды.

Салаға мемлекеттік қолдау 2017 жылы да жалғасын табатынын айтады министрлік өкілдері. Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығының мұндай қарқынды өсіміне себеп болған басты фактор еліміздің Қытай нарығына шығуы және жалпы Қазақстанның осы саладағы әлеуетінің жоғарылығы, сонымен қатар Ресеймен арадағы сала тауарларына қойылған бірыңғай тауарлардың тарифы шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыра түскен. 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу