Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы оқу жылын аяқтау және қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-та жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұйрыққа сәйкес, еліміздегі барлық мектепте оқу жылы 31 мамырда аяқталады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 2-13 маусым аралығында, 11-сынып оқушыларының емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
9-сынып оқушыларының емтихан кестесі:
2 маусым – оқыту тілі;
6 маусым – математика;
9 маусым – қазақ не орыс тілі;
13 маусым – таңдау пәні және шет тілі.
11–сынып оқушыларының емтихан кестесі:
5 маусым – оқыту тілі;
8 маусым – алгебра және анализ бастамалары;
12 маусым – Қазақстан тарихы;
15 маусым – қазақ не орыс тілі;
19 маусым – таңдау пәні және шет тілі.
Вице-министрдің сөзінше, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау бойынша тиісті шараларды ұйымдастырады.