Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта қаралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжатты жария талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 521 қаулысына "өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасы зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын арттыру тетігін жетілдіру мақсатында әзірленді", – делінген құжатта.
Жобаның мақсаты зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау тетігін жетілдіру делінген.
"Жоба кейінге қалдырылған өмірлік зейнетақы аннуитетінің құны негізінде азаматтардың зейнетақы кірістерін неғұрлым орнықты және теңгерімді қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегінің параметрлерін қайта қарауды көздейді", – деп жазылған Үкімет қаулысының жобасында.