Елімізде жол апатынан зардап шеккендер саны күрт артты

Көбіне жол-көлік оқиғаларына көлік жүргізушілері себеп болады.

Елімізде жол апатынан зардап шеккендер саны күрт артты Фото: freepik

Ал, құрбандардың басым бөлігі – ер-азаматтар, деп жазады inbusiness.kz сайты energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

Қазақстанда осы жылы жол апаты жиілеген әрі зардап шегу көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп отыр. Талдау жұмысы жол-көлік оқиғасының 96%-ы көлік жүргізушілерінің (83%-ы – ер адамдар) қатесінен болатынын анықтаған. 

Жыл басынан бері жол апатынан зардап шеккендердің саны екі есеге, ал қайтыс болғандар саны 9%-ға өсіп отыр. Яғни, 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 29,5 мың адам жол апатына ұшыраса, бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш (2023 жылы – 14,5 мың) саналған. Осы уақыт аралығында қаза тапқандар саны 2,1 мың адамға (2023 жылы – 1,9 мың) жеткен. 

Қаза тапқандардың саны ең көп аймаққа Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары жатады. Есесіне, елордада қайғылы оқиғалар аз кездескен. 

Талдау нәтижесі жол апатынан көбіне (86%) ер адамдардың құрбан болатынын анықтады. Олардың 80 пайызға жуығы – 18-49 жас аралығындағы көлік жүргізушілері. Ал жолаушылар арасында (61%) әйелдер жиі жарақат алады. Олардың арасында балалар да бар. 

Тіпті, статистикалық мәлімет жаяу жүргіншілердің де апат құрбаны болатынын нақтылап берген. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында жаяу жүргіншілер қатысуымен 8,3 мың жол апаты тіркелген. Кінәлілердің 8%-ы оқиға орнынан жалтаруға әрекеттенсе, апат салдарының 2,2%-ы мас жүргізушілердің кінәсінен болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу