Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық маусым кезінде (қыркүйектен сәуірге дейін) ЖРВИ-дің 4-5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі. Жалпы республика бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы бері аурушаңдық 13%-ға төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның мәліметінше, тұмаудың 3 027 зертханалық расталған жағдайы тіркелді: (H3N2) А типті тұмауы – 2 967 жағдай, (H1N1) А типті тұмауы – 53 жағдай, В типті тұмауы – 7 жағдай. Елімізде тұмауға қарсы барлығы 2,2 млн астам адам егілді, бұл халық санының 11%-ын құрайды.
"Биыл ЖРВИ қараша айында шекті деңгейден асып, өте көп тіркелді. Жалпы республика бойынша ауру өршіп тұрған кезде 13 өңірде 11 812 сынып қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды, 18 193 сыныпта кабинеттік жүйе алынып тасталды және оқушылардың сыныптар арасындағы жүріп-тұруын азайту мақсатында белгіленген кабинеттерде ғана оқыту ұйымдастырылды, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда оқыту процесі штаттық режимде жүргізілуде", – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.