Елімізде жыл аяғына дейін 150 кооператив пайда болмақ

1202

Елімізде жыл аяғына дейін 150 кооператив пайда болмақ

Елімізде биылдың соңына дейін 150 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.

Вице-министр өз сөзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесіп, үшжақты жоспар жасағандығын атап өтті. Аталған жоспар ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс нақты міндеттер мен индикаторларды айқындайды.

"Қол қойылған жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылдың соңына дейін әкімдіктер 100 сүт қабылдайтын пункт пен 2 мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңын біріктіретін 150 ауыл шаруашылығы кооперативін құратын болады. 2016 жылдың 15 қазанындағы жағдайға сәйкес, 28 сүт қабылдайтын пункт пен 3,2 мың отбасылық бордақылау алаңы құрылды. Нәтижесінде 15 мың жеке қосалқы шаруашылық тартылды", – деді Айтуғанов.

Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, осы айдың басынан бері министрлік ауыл округтері әкімдері мен аудан әкімдерінің орынбасарларына арнайы семинарлар өткізген. Қазіргі уақытта семинарлар Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Павлодар облыстарында жүргізіліп, жергілікті атқарушы органның 966 қызметкері дайындықтан өтті.

"15 қарашаға дейін бүкіл республика бойына 2400 ауыл округі әкімі мен аудан әкімдерінің орынбасарларын оқыту аяқталады", - деді ол.

 ҚазАқпарат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу