Елімізде жынысты ауыстыру бойынша хирургиялық түзетудің жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізде жыныс ауыстыруға тыйым салуды ұсынды. Оның сөзінше, психикалық немесе мінез-құлық аспектілері бұзылған адамның сау денесіне гормоналды және хирургиялық ота жасауды ақтауға келмейді.
"Медициналық ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда жынысты хирургиялық түзетудің жағдайлары тіркелген жоқ. Мұндай оталарды мемлекет қаржыландырмайды. Пластикалық оталардың осы түрі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылатын қызметтер тізіміне кірмейді", - делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың аталған мәселе бойынша депутаттармен бірлесіп, заңнамалық түзетулер қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.