Еліміздегі газбен қамтылған ауылдардың 40%-ы екі облыста

927

Бұл ретте Қазақстан "көгілдір отынның" бағасы бойынша Еуропа елдерінен алда тұр. 

Еліміздегі газбен қамтылған ауылдардың 40%-ы екі облыста

Жыл басында елімізде табиғи газбен қамтылған 1,07 мың елдімекен тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6%-ға жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Көгілдір отынмен"  қамту бойынша өңірлер рейтингінде республиканың негізгі газ өндіруші аймағы Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. 2020 жылдың соңына қарай 230 ауыл мен қала газбен қамтылды. Сондай-ақ алғашқы үштікке Жамбыл мен Түркістан облыстары кіреді. 214 және 148 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Бұл үш аймаққа республиканың газбен қамтылған қалалары мен ауылдарының жалпы санының жартысынан көбі тиесілі. Сонымен қатар "көгілдір отын" тартылған ауылдардың 40%-ы екі облыста орналасқан. Олар Батыс Қазақстан (230 ауыл) және Жамбыл облысы (214 ауыл). 

Елімізде көгілдір отын тартуға байланысты мәселелердің басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Ал тікелей баға мен халықтың газға қол жетімділігі тұрғысынан алғанда барлығы жайлы.

Бұған "РИА рейтингісі" сарапшыларының зерттеуі дәлел. Олар Еуропа елдерінде ең арзан газ Қазақстанда (1000 текше метрге  58,2 доллар) деген қорытындыға келген. Ресей екінші орында (1000 текше метрге 88,5 доллар), үшінші орында Беларусь (146,7 доллар).  

Ал газ ең қымбат ел Швеция (алайда бұл елде олар жаңартылатын энергия көздерін барынша пайдалануға тырысады, ал газды тұтыну шамалы).

Бұған қоса Қазақстан халықты газбен қамту бойынша көшбасшылардың бірі. Ел халқы орташа айлық жалақысына 7,5 мың текше метр газ сатып ала алады. Ал бұл Еуропадағы екінші орындағы көрсеткіш. Бұл ретте Люксембург бірінші орында (9,1 мың текше метр газ), ал Ресей үшінші орында (6,8 мың текше метр газ). Сонымен қатар Ұлыбритания мен Бельгия төртінші және бесінші сатыда болса, ал Украина аутсайдерлер қатарында.

Биыл газдың көтерме және бөлшек саудадағы бағасының шамалы өсуі байқалды. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан тұрғындары үшін тарату желілері арқылы тасымалданатын газ бағасы өткен жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. 

Сонымен қатар кейбір аймақтарда, керісінше, бағаның төмендеуі байқалды. Қызылорда облысында – 1,3%, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында – 0,3%. Ақмола облысында жылдық динамикадағы баға өзгеріссіз қалды.

Айта кететіні, бір жыл бұрын дәл осы кезеңде (қаңтар-қыркүйек) сектордағы бөлшек саудада баға 0,5%-ға төмендеген.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу