ҚР парламенті мәжілісінде "Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту" тақырыбында үкімет сағаты өтіп, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады, деп хабарлайды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР энергетика министрі баяндамасында мұнай-газ саласының қазіргі жай-күйі және алдағы даму перспективалары туралы баяндады.
Мұнай өндіру секторында Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған мұнай-газ жобалары өсімнің драйверлері болып қалуда.
Министрдің айтуынша, мұнай өндіру көлемі біртіндеп өсетін болады және 2025 жылға қарай жылына 104 млн тонна деңгейіне жетеді.
"Мұнай өңдеу саласында қазіргі уақытта Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталды. Нарықта мотор отындарына импортқа тәуелділік үлесі төмендеді. 2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталатын болады. Жылдың басынан бастап К-4 және 5 стандарттарына сәйкес келмейтін ЖЖМ-ны шығаруға тыйым салатын Кеден одағының техникалық регламенті күшіне енді. Үш МӨЗ-де өнімділікті арттыру үшін техникалық жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде (ТОРО). Жөндеудің жыл сайынғы мерзімі 45 күннен 20 күнге дейін қысқарады, ал үш жылда бір рет 45 күнге тоқтатылатын болады. Бұл әрбір МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемін жылына орта есеппен 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді", - дейді ол.
"Сарыарқа" магистральдық газ құбырының құрылысы бойынша жобаны іске асыруды бастау осы жылдың шілдесіне жоспарлануда. "Қызылорда – Жезқазған - Қарағанды –Теміртау - Астана" бағыты бойынша 1-ші кезең 2019 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады. Ұзындығы 1081 км 1-ші кезеңнің құны 267,3 млрд теңгені құрайды.
ҚР энергетика министрі мұнай-газ-химия саласын дамыту мәселелеріне назар аударды. Соңғы жылдарда мұнай-газ-химия өндірісін ұйымдастыруға жағдай жасау үшін заңнама айтарлықтай жетілдірілді.
Полипропилен және полиэтилен жобаларын іске асыру шамамен 9 млрд АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 10 000 және пайдалануға беру кезінде 1 000 жұмыс орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары қайта жасалған өнім шығару қазіргі 23 млрд теңгеден 2025 жылға қарай 395 млрд теңгеге дейін артады.
Сондай-ақ ҚР парламенті мәжілісінде ірі мұнай компанияларының қатысуымен "Мұнай өнеркәсібін дамыту перспективалары" тақырыбында көрме ұйымдастырылды.