Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Астана тұрғыны ретінде бұл мәселеге алаңдаушылықпен қараймын. Әрбір өңірмен, республикалық маңызы бар қаламен жеке талқыланған жобалардың маңызы зор. Олардың жүзеге асырылуы тиімділігін береді деген ойдамын. Мемлекет тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешуге қомақты қаржы – 200 млрд бөліп отыр", - деді министр тілшінің сауалына берген жауабында.
Журналист елордалықтар тарапынан қоқыс мәселесіне қатысты шағымдар келіп түсе ме деп нақтылады.
"Қоқыс мәселесі барын, онымен күресу қажеттігін айтып отырмыз. Маған таныстарымнан көп хабарлама келеді. Тұрғын үй алаңында контейнерлер қоқысқа толды, контейнерлерді әкетпей жатыр дегендей. Осы жолы инвестициялардың көмегімен ірі қалалар мен аудан орталықтарындағы қоқыс мәселесін шешеміз деген ойдамын", - деді Ерлан Нысанбаев.
Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанға 900 дана қоқыс таситын көлік қажет екенін жазған болатынбыз.