Астанадағы "Отан-Ана" монументі алдында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің 185 сарбазы әскери ант қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Салтанатты рәсімге Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды және Абай облыстарынан әскерге шақырылған сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, әскери бөлім ардагерлері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Ашық аспан астында сап түзеген жас жауынгерлер Қазақстан халқына, заңды түрде сайланған Президентіне адал қызмет етуге, сондай-ақ елдің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға ант берді. Ант қабылдағандардың қатарында келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылданған қыз-келіншектер де болды.
Ресми бөлімнен кейін Құрмет қарауылы ротасы қарумен дефиле көрсетіп, көрермендерге арнайы қойылым ұсынды. Сонымен қатар спортшы сарбаздар әскери даярлық барысында меңгерген қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті.
Концерттік бағдарлама барысында сарбаздар аналарына гүл сыйлап, оларды биге шақырды. Бұл сәт ата-аналар мен қонақтарға ерекше әсер қалдырды.
Әскери ант қабылдау рәсімі жауынгерлік даярлықтан өткен жас сарбаздардың Отан қорғауға дайын екендігін айқындады.