Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді

1030

Оразкүл Асанғазы:  Елбасы 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс екенін айтқан.

Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде  білім береді

Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық бала 2047 аралас тілді мектепте білім алып жатыр. Аралас мектептер Кеңес үкіметі кезінен бері талқыланып келе жатыр, алайда, қазіргі таңда олардың саны артпаса, азайған жоқ. Бұл мәселе аралас мектептерде жиналыстан бастап, саптық жиындар, түрлі шаралардың орыс тілінде өтуінен, идеологиясының өзгеше болуынан туындап отыр. Ондай білім ордасында оқыған бала қазақ тілінде сөйлемейді дейді сарапшылар.

Нұр-Сұлтан қаласында аралас тілді білім беретін мектептер саны көбейіп жатыр. Білім басқармасының мәліметінше, елордамызда жалпы 91 мемлекеттік мектеп бар, оның  34-і қазақ мектебі, 8-і орыс мектебі, 49-ы аралас тілді. Қоғамды алаңдатқан бұл мәселе MEDIA CLUB QAZAQSTAN алаңында талқыланды. Онлайн кездесуге білім саласының сарапшылары қатысты.

Эфир барысында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы аралас мектептерді ашқанша, қазақ тілді мектептердің санын арттыру керек екенін баса айтты. Тіл жанашыры Елбасы Н. Назарбаевтың 2006 Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясындағы жасаған баяндамасында: "Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды. Біз 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойып отырмыз", - деген сөзін алға тартты. Экс-депутат 2020 жыл өтіп кетсе де орыс сыныбында оқитын балалардың қазақ тілін білмейтінін айтып, қазіргі білім саласы басшыларына аралас мектептердегі идеология бөлек екенін атап өтті.

Бүгінде елордада 15 мың оқушыға орын жетіспейді, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 90 мыңға жетеді деген болжам бар.  Мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында  жаңа мектептер салынуда. Мәселен, BI Group команиясы салған BINOM School әуел баста қазақ мектебі болады дегенімен, кейін аралас  тілді мектепке айналды.

"Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан ашылып жатқан мектептердің негізгі мақсаты -  үш ауысым мәселесін шешу. Елімізде аралас тілді мектептер саны көбейгенімен, таза орыс тілінде оқытатын мектептер саны азайды. Себебі, олар орыс мектебінен аралас тілді мектепке айналып жатыр. Биыл BINOM School-дың бірінші сыныбына өтінім бергендердің 70%-ы қазақ тілді балалар",- деді аталған мектептің директоры Шолпан Кадырова.

Эфир барысында  модератор, М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан мектеп директорынан аралас мектеп ашпас бұрын жергілікті тұрғындармен қандай жұмыс жүргізілгенін сұрап, талдау жұмыстарының нәтижесімен бөлісуін өтінді. Алайда, мектеп басшылығы мен Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысы нақты статистикалық мәліметтерді, жүргізілген сауалнама нәтижелерін ұсына алмады. Өз кезегінде модератор аралас мектептердің көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, төмендегі статистиканы келтірді.

"Елімізде аралас мектептер саны 30%-ды құрап отыр. Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық білім беру деректер қорының 2021 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық бала 2047 аралас тілді мектепте білім алуда.  Аралас мектептердің саны басым өңірлердің көшін Алматы облысы бастап тұр. Ондағы 306 аралас мектепте 256 020 оқушы білім алуда.  Маңғыстау облысындағы  15 аралас мектепте 25 744 бала оқып жатыр",- деп атап өтті Ерболат Мұхамеджан.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының айтуынша, елордамыздың сол жағалауында орыс тілінде оқытатын мектептер аз, үш ауысымды мектептер көп. Сондықтан аралас мектеп салу бұл мәселені шешетінін айтады.

"Жаңа мектептің оқыту тілі маңындағы тұрғындардың талабын ескере отырып анықталды. Жергілікті тұрғындардан қажеттілігімізді ескермейсіздер деген шағымдар жиі түседі. Астанамыздың сол жағалауында орыс тілінде оқытатын мектептер саны аз болғандықтан, ата-аналар орыс тілді сыныптар ашуымызды сұрайды. Сұраныс бар, сондықтан аралас мектептер ашылуда",- дейді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының  басшысы Шәкәрім Сейсенбай.

Осы орайда Білім басқармасының басшысы модераторға келіп түскен шағымдар бойынша болашақта анализ жасап, сол бағытта жұмыс жүргізетінін айтып ақталды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу