Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қалада COVID-19 вирусын жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр.
"Коронавирус инфекциясын жұқтырудың қаңтарда 3 763 жағдайы, ал ақпанның басынан бері 2 192 жағдайы тіркелді. ПЦР-тестінің теріс нәтижесі бар коронавирус инфекциясының жұқтырудың 80 дерегі тіркелді: қаңтарда 55, ақпанда 25 дерек", - деді ол әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Сархат Бейсенова кейінгі тәулікте COVID-19 вирусын 72 адам жұқтырғанын жеткізді.
"Соңғы аптада аурушаңдық 7,17%-ға төмендеді. Қала тұрғындары арасында ауруғандардың 24,7%-ы – 34-39 жастағы адамдар, 23,4%-ы – 50 жас және одан жоғары, 18,4%-ы – 18-29 жастағы адамдар, 14,9%-ы – 40-49 жастағы адамдар, 15,9%-ы – балалар", - деді елорданың бас санитар дәрігері.
Ол қазіргі таңда Нұр-Сұлтан "сары аймақта" тұрғанын атап өтіп, тұрғындарға маска тағып, карантин талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.
Дәурен Ерболат