Елордада "Қазақстанды таны" халықаралық блогерлер форумы басталды

1493

Оған Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Италия, Ресей, Үндістан, Тайланд, Канада елдерінің танымал саяхатшы блогерлері жиналды.

Елордада "Қазақстанды таны" халықаралық блогерлер форумы басталды

Форумды ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Қазақстандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Италия, Ресей, Үндістан, Тайланд, Канада елдерінің танымал саяхатшы блогерлері жиналды. Олар Қазақстанның 5 өңіріндегі блог-турға қатысып, Қазақстанның көрікті мекендерімен танысқан.

"Біздің еліміз әлем картасындағы жас мемлекет болғанымен, оның бай тарихы бар. Бұл жерде талай көшпелі империялар құрылған. Біздің мәдениетіміз Тамғалы тастарындағы суреттерден, Сақ тайпаларының аң стилінен басталады. Бүгінде жүзден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Өңірлерді аралаған форум қатысушылары осыған көз жеткізді деп ойлаймын. Тұтас әлемнің туристері қазақ жерінің сұлулығын көргенін қалаймыз", – деді ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жиынның салтанатты ашылуында.

Ол форумға әлемнің 18 елінен блогерлер жиналғанын, осының нәтижесінде Қазақстан туралы жаңа контент құрылатынын атап өтті.

"Қазіргі заманда блогерлер біздің не киіп, не тыңдайтынымызға, қайда баратынымызға тікелей ықпал етеді. Сіздер көптеген елдердің туризмі, урбанистикасы, сәулеті туралы көзқарасымызды өзгерттіңіздер. Көптеген саяхатшылар туристік бағыттарды таңдауда әлеуметтік желідегі фотолар мен жазбаларға, пікірлерге сүйенеді. Түркиядағы "Кападокия", АҚШ-тағы "Ібіліс ваннасы" Инстаграмдағы жазбалардан кейін ерекше танымал болды және саяхатшылар сұранысына ие болды. Бүгінгі форум да біздің ғажайып еліміз туралы пайдалы ақпарат беретін түбегейлі жаңа контенттің құрылуына және бірлескен жобалардың пайда болуына көмектеседі деп ойлаймын", – деп атап өтті Дәурен Абаев. 

Форум спикерлері туризмді, брендинг пен блогингті дамыту, жаңа медиа мүмкіндіктері мен интернеттегі сапалы контент құру мәселелерін талқылайды.

Шара барысында қатысушыларға блогингті дамыту туралы "Саяхаттағы сурет", "YouTube профилін дамыту", "Стартап промоутер", "Бизнес-блогинг", "Әлеуметтік шындық", "Qazaq Instagram" тақырыбында шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Сонымен бірге, форум аясында "Мен Қазақстаннанмын" бейнеблог конкурсының жетімпаздары марапатталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу