ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетінің жедел-тергеу тобы Нұр-Сұлтанда бірнеше адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-2 бөлімі (қылмыстық топ құрып, оны басқару), 216 -бабы 3 - бөлімі (қызмет көрсетпей, тауарларды түсіру жұмыстарын іс жүзінде жүзеге асырмастан шот-фактура беру), 245- бабы 3 -бөлімі (салық төлеуден немесе өзге де бюждет төлемдерінен жалтару) бойынша іс қозғады. Бұл туралы ведомсваның баспасөз қызметі хабарлады.
Жедел-іздестіру шаралары аясында ұйымдасқан қылмыстық топтың 2015 жылдан 2019 жыл аралығында контрагенттер (сатып алушылар) кәсіпорындарын салықтан босатып, сол арқылы материалдық пайда табу мақсатында заңсыз ақшаны қолма қол етіп, жалған бухгалтерлік құжаттар жасағаны анықталды. Атап айтсақ, шот-фактуралар, келісімшарттар, жасалған жұмыстар актілері бар. Заңсыз әрекеттен 3,3 млрд теңге көлемінде шығын келген. Оның 1,1 млрд теңгесі тергеу амалдары барысында қайтарылды. Қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адам болған. Оның бесеуі қамауға алынды. Қазіргі кезде экономикалық-техникалық сараптама жүргізіліп, тергеу амалдары жалғасуда.