Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің өкілдері осы оқиғаға қатысты журналистер сауалына жауап берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Иә, аталған жол-көлік оқиғасы қоғамды бейжай қалдырмады. Қазір елорданың полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағына сәйкес жол ережесін бұза отырып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу және 347-баптың 1-тармағына сәйкес оқиға орнынан кетіп қалуға қатысты тергеу жүріп жатыр. Апат орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Күдікті деп танылған 19 жастағы елорда тұрғыны бүгінде 2 айға уақытша қамауға алынды", – деп жауап берді ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Аталған апат 30 қыркүйек күні түнде болды. "Toyota Camry" автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Есіл өзенінен өтетін көпірден Сарайшық көшесіне қарай жүріп келе жатып, жылдамдық режимін сақтамаған. Салдарынан көлік жүргізушісімен қатар тағы 4 адам жан тапсырған.