Елордалық таксопарктер жүргізушілеріне талапты күшейтпек

1017

Елордалық таксопарктер жүргізушілеріне талапты күшейтпек

Астананың таксомторлы парктері қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жүргізушілерді қызметке аларда клиенттермен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, қаланы жақсы танып, бағдарлау сынды бірқатар талаптарға басымдық бермек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

"Бүгінде кандидаттарды іріктеуде талап бір қалыпта: көлік жүргізу өтілі кем дегенде 5 жыл болуы керек, такси қызметіндегі еңбек өтілі, елорданың көрікті жерлері мен көшелерді жақсы тануы", - дейді Астана көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

М.Құрмановтың айтуынша, аталған талаптардан тыс болашақ жүргізушілер такси қызметінің ерекшеліктері мен психологиялық факторларды да ескерулері тиіс.

"Әр түрлі клиенттер кездеседі, сол себептен олардың әрқайсымен жеке қарым-қатынас жасап үйренуге бейімделу керек",- деді ол.

Астана көлік қызметкерлері қауымдастығы төрағасының айтуынша, ЭКСПО көрмесі қарсаңында бірыңғай такси қызметінің жүргізушілеріне мәдени қызмет көрсету бойынша қысқа курстар өткізілді.

"Әрине, бұл жеткіліксіз. Астана көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығында біздің жүргізушілер тасымалдау үрдісінің барлық талаптарын: қала көшелерін жақсы білуден бастап, өзін ұстау этикасына дейін үйренетін болады", - деді Құрманов.

Естеріңізге салайық, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі басталғаннан бері Астанада такси жүргізушілері тарапынан тариф құнын негізсіз өсірген екі факт тіркелді. Венгрия тұрғыны әуежайдан қаланың оң жақ жағалауына дейінгі аралыққа 40 мың теңге төлесе, ал Германия азаматы осындай аралық жерге қалтасынан 19 мың теңге санап берген.

 Екі жағдай бойынша да таксистер табылды, туристерге ақша кері қайтарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу