Ақпаратқа сәйкес, "АрселорМиттал Теміртауда" жыл сайынғы өлім-жітім әрбір 10 мың қызметкерге шаққанда 4 адамға жеткен, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Бұдан бөлек ақпаратқа сәйкес, "АрселорМиттал Теміртаудың" 15 жыл жұмыс істеген кезеңінде 100-ден астам адам қаза тапқан.
Қарағанды бассейнінің көмірі метанның жоғары құрамымен сипатталады. Өкінішке қарай, көмір өндіру кезінде тұрақты авариялар, соның салдарынан кеншілердің ауыр жарақаттар алуы және өлім жағдайлары кездеседі.
Ақпаратта көрсетілгендей, АҚШ Еңбек департаментінің мәліметтері бойынша 2020 жылы 590 миллион тоннадан астам көмір өндіру кезінде 5 кенші қаза тапқан. Ал, Қазақстанда 2021 жылы 8 млн тонна көмір өндірген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "Абай" шахтасында 6 кенші қайтыс болды. Аталған шахтадағы жарылысты тексерумен айналысқан үкіметтік комиссия қайғылы оқиғаға "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы толығымен жауапты деген шешімге келген.
"АрселорМиттал Теміртауда" жұмыс уақытын жоғалтумен жарақат алу көрсеткіші тау-кен металлургия кешенінің басқа ірі компанияларына қарағанда анағұрлым жоғары. Мысалы, 2019 жылы бұл компаниядағы көрсеткіш 1,12, ресейлік "Полиметалл Қызылда" 0,09, "KAZ Minerals"-та 0,04 болған. 2021 жылы "АрселорМиттал Теміртауда" көрсеткіш 1,01-ге, ал "Полиметалл Қызыл" мен "KAZ Minerals"-та 0,08-ге жеткен.
Бұл еңбек қауіпсіздігі мен сапалы жабдыққа бөлінетін инвестициялардың жетіспеушілігінен болуы мүмкін деп жазылған. Мысалы, "АрселорМиттал" есебіне сәйкес, 2021 жылы отандық активтерге құйылған инвестиция көлемі шамамен 212 млн АҚШ долларын құраған. Бірақ бұл инвестициялардың қай бөлігі көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыруға, еңбек қауіпсіздігін арттыруға жұмсалғаны беймәлім.
"АрселорМиттал" компаниясының еліміздегі инвестиция көлемін Үндістандағы инвестициялармен салыстыруға келмейді. 2022 жылы Үндістанның Гуджарат штатының үкіметі "АрселорМиттал" және "Nippon Steel" бірлескен кәсіпорны 6 түрлі жобаға 21 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салатынын мәлімдеген.
Ақпаратта Қазақстанның көмір саласын дамыту үшін қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзатын компанияларға қатысты елеулі шаралар мен санкциялар қолдану қажеттігі жазылған.