Екі қолға бір күрек таппай enbek.kz сайтынан жұмыс іздейтіндер өз саласындағы ең аз айлықты алуы мүмкін, деп хабарлайды Atameken Business.
Нақтырақ айтсақ, электрондық еңбек биржасында жұмыссыздарға ұсынылатын жалақы еліміздегі ресми орташа жалақыдан бірнеше есеге төмен болып шықты. Бұл туралы Ұлттық банк жасаған арнайы экономикалық шолуда айтылған.
Мысалы, Статистика комитетінің сайтында, жүргізушінің орташа жалақысы 136 мың теңге деп көрсетілген. Ал enbek.kz сайтында – 62 мың. Яғни ресми көрсеткіштің жартысына да жетпейді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 151 мың теңге болса, сайтта ақ халаттыларға небәрі 71 мың теңге ұсынылады.
Бұл еңбек нарығындағы нақты көріністің ресми деректерден айтарлықтай айырмашылығы бар екенін дәлелдейді. Зерттеу қорытындысында, Үкімет электрондық еңбек биржасы арқылы аз айлыққа қанағат ететін, біліктілігі төмен қызметкерлерді іздейді делінген.