Мемлекет басшысы тапсырмасымен осы айда мемлекеттік органдар, Балалар құқықтарын қорғау комитетімен бірге Алматы облысының 7 ауданындағы мектептердегі жағдайға іріктемелі тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Бала құқықтары жөніндегі уәкілге сілтеме жасап.
– Өкінішке қарай, Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы - облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі. Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді. Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалар ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық, сонымен қатар мұғалімдер тарапынан, дене шынықтыру және алгебра пәні мұғалімдерінің тиісуі туралы жазған. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен, – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Зәкиева кіші сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларына ақша жинаған оқиғалар туралы да жазды.
– Сондай-ақ Жамбыл ауданының бір мектебінде балалар келесі қорқынышты көріністі сипаттаған. Кіші сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көргенде қолдарын ақша беру үшін бірден қалталарына салады екен, әйтпесе оларға күш қолданылады дейді. Балалар 5 сынып оқушысын топ болып ұру, насыбай қолдану (ол кейде жерде жатады деп жазған) туралы да жазған, – деді Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді. Кей жағдайды білсе де мектеп басшылығы енжарлық танытқан.
– Сонымен қатар олар оқушыларға қатысты кибербуллингті жариялайтын анонимді Instagram-арна туралы хабарлап, бұл туралы мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек алмаған. Одан бөлек, балалар күзде кемінде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты. Бірақ мектеп бұл фактіні жоққа шығарып отыр, ал полиция мұндай ақпараттан бейхабар екен. Осылайша, мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды. Бұдан бөлек, көптеген жағдайда мектептердің өздері анкетада буллинг, ақша бопсалау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер бойынша растаушы жауаптар берілгеніне қарамастан, қорытынды анықтамада бұндай жағдайларды 0% деп көрсеткен. Сонымен қатар, облыста тәрбие бағдарламаларын және қабылданған заң нормаларын іске асыру деңгейі төмен екенін атап өткен жөн. Аталған фактілердің бәрін біз облыс басшылығы, полиция және өзге басқармалармен өткен қорытынды жиналыста жария еттік. Сондай-ақ, біз облысқа және уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын анықтама дайындадық, – деп жазды уәкіл.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында әлімжеттік жасаған жасөспірімге полиция тексеріс жүргізіп жатқанын жазған едік. Оқиға Іле ауданында болған.