2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау үшін отбасылардың әл-ауқат санатын анықтау кезінде шығыстарды бақылаудың жаңа тетігі ескеріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әлеуметтік салада қажеттілік принципі енгізілген. Оған сәйкес, мемлекеттік қолдау мұқтаж азаматтар санатына ғана көрсетіледі. Егер бұл тетікке тоқталсақ, санаттың өзі отбасы мен үй шаруашылығының деректер жиынтығына сәйкес анықталады. Мұнда тек бір ғана белгі ескерілмейді, мәселен, жалақы немесе мүлік. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік деректер базасынан ақпарат жинайтынын және үй шаруашылықтарын 8 негізгі бағыт бойынша бағалайтынын ескерген жөн. Оған 50-ден астам белгі жатады: жұмыспен қамтылу, кіріс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несие жүктемесі, білім және т.б. Жүйе осыны жинақтай келе үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайына байланысты үй шаруашылығының санатын белгілейді. А санатына табысы өте жоғары азаматтар, B санатына ауқатты азаматтар жатады", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Министр әлеуметтік көмекті тағайындағанда енді отбасылардың шығыстары да ескеріле ме деген сауалға жауап берді.
"Ескерілетін болады. Заңға сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейлі банктер әлеуметтік көмек алушы мен отбасы мүшелерінің келісімімен олардың банк шоттары мен депозиті бойынша деректерді ұсынатын болады. Осы жұмыс шеңберінде кіріс пен шығыс та ескеріледі", – деді ведомство басшысы Құрылтай отырысында.
Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк әр өңірдің инфляция бойынша динамикасын сараптап отыратынын жазғанбыз.