Әр өңірде инфляция бойынша бір-бірінен аздап айырмашылықтың болуы – экономикалық құбылыс. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы және ішкі сұраныстың күтілетін өсу жағдайында 2027 жылы инфляцияның 7,5 және 9,5 пайызға жетуі қаншалықты шынайы? Нақты инфляцияның болжамды диапазоннан жоғары болуы қандай тәуекелдерге әкелуі мүмкін? Ұлттық банк жекелеген өңірлерде инфляцияның орташа республикалық деңгейден едәуір жоғары екенін және бұл ақша-кредит саясатын қалыптастыру кезінде ескеріле ме?", – деп сұрады Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай.
Ұлттық Банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев инфляция мәселесі өте өзекті екенін айтты.
"Мемлекеттік шығыстар және оның салдарынан туындайтын сұраныс біздің келесі жылғы және одан кейінгі жылдарға арналған болжамдарда толығымен ескерілген. 7,5 мен 9,5 пайыз аралығындағы көрсеткішке қол жеткізуді шынайы деп отырмыз. Дегенмен де, біз сыртқы да, ішкі де факторлардың бар екенін білеміз. Негізгі тәуекелдерге энергетикалық ресурстардың қымбаттауы, жаһандық азық-түлік тауарларының қымбаттауы және де тарифтік реформалардың жүргізілуі жатады.
Сондықтан біз алдын-ала Үкіметпен бірлесіп инфляцияға қарсы кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Оны сапалы түрде орындап келеміз. Нәтижесінде инфляция соңғы 12 ай бойы төмендеді", – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, әр өңірде инфляция бойынша бір-бірінен аздап айырмашылықтың болуы – экономикалық құбылыс.
"Дегенмен де, Ұлттық банк әр өңірдің инфляция бойынша динамикасын сараптап отырады. Себебі бұл біздің инфляциялық себептердің және оның салдарының экономикаға әсерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ақша-кредит саясатының құралдары жекелеген өңірлердің инфляциясын реттеуге бейімделмеген. Сондықтан да біз инфляцияны реттегенде жалпы мемлекет деңгейінде ақша-кредит құралдарын қолдана отырып, әсер ететін боламыз", – деп түсіндірді Ұлттық Банк төрағасының бірінші орынбасары.
Айта кету керек, бұған дейін Үкімет әлеуметтік қамсыздандыру саласында ауқымды реформа жүргізіп жатқанын жазғанбыз.