Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған.
Жобаның негізінде бағаларды тұрақтандыруға арналған қолданыстағы тетік "айналым схемасы" жатыр. Осы механизм шеңберінде сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қайтарымды несиелер беріледі. Өз кезегінде, аталған сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті АӘК алушыларға нарықтық бағадан 15% төмен ұсынуға міндеттеледі.
Пилоттық жоба алғаш болып Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылады. Келесі кезеңде бұл бастама Көкшетау және Павлодар қалаларында жалғасын табады.
"Цифрлық ваучерлер "eGov Mobile" мобильді қосымшасына енгізілген "Әлеуметтік әмиян" сервисі арқылы беріледі. АӘК алушы ваучерді іске қосу арқылы дүкен кассасында QR-кодты ұсынады, артынша жүйе жеңілдікті автоматты түрде қолданады. Ваучердің мөлшері отбасы құрамына байланысты жеке есептеледі: әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қаржы қарастырылады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 932 теңге. Мәселен, 4 адамнан тұратын отбасы 16 мың теңгеге жуық сомада ваучер алады. Бұл оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағадан 15%-ға дейін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді," – делінген хабарламада.
Жоба тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қордың 35%-ы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелеуге, 65%-ы отандық өндірушілер мен фермерлерден өнімді форвардтық сатып алуға бағытталады. Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар өнімдермен дүкендерді тұрақты қамтамасыз етуге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға және тиімді әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба еліміздің өзге де өңірлерінде кең ауқымда жүзеге асырылады. Бұл бастама 245 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушыны қамтып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған атаулы, әділ және ашық қолдау тетігін ұсынбақ.