Енді сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттар мандатынан айырылады

1593

Мәжіліске көзқарасы әртүрлі, жаңаша ойлайтын азаматтардың келуіне мүмкіндік беріледі. 

Енді сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттар мандатынан айырылады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде аралас сайлау тәсіліне көшудің маңызын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол Қазақстан үшін аралас сайлау тәсіліне оралу өте маңызды екенін атап өтті.

"Бұл – қадам партиялардың мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді", деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Сондай-ақ Президент аудандар мен қалалардағы сайлауды толық мажоритарлық жүйеге көшуді ұсынды.

"Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутаттарды кері қайтаруға болады. Бұл халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған сайлау жүйесі өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады деген пікірде.

"Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сондай-ақ бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге, мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғытру үдересіне жұмылдыра түседі деп сенемін", деп түйіндеді сөзін Президент.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан аралас сайлау жүйесіне көшетінін мәлімдеген.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу