Елімізде мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны 30 пайызға дейін арттыру мүмкіндігі қаралып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Балалардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу бойынша оқушылармен және олардың ата-аналарымен тікелей жұмыс істейтін 220 мың сынып жетекшінің қызметін жүйелеу мақсатында олардың қызметіне қатысты ереже және біліктілік сипаттамалары қайта қаралады. Олардың мәртебесін арттыру үшін бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, сынып жетекшілігі үшін қосымша ақыны кезең-кезеңмен 30 пайызға ұлғайту мәселесі талқыланып жатыр", - делінген жауапта.
Үкімет басшысының сөзінше, оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы кикілжіңдерді шешу үшін 2022 жылдан бастап медиация әдістерін енгізуге бағытталған "100 медиативтік мектеп" жобасы іске асырылып жатыр.
Айта кету керек, осыған дейін мұғалімдер сынып жетекшілігі үшін бар болғаны 10 мың теңге алатынын жазғанбыз.