Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов СҚО-ға жұмыс сапары аясында "2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасының" кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.
Аталған кеңеске орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, "Атамекен" ҰКП өкілдері және облыс басшылары қатысты.
Қазақстандықтардың табысын арттыру – Үкіметтің экономикалық саясатының басты стратегиялық міндеті. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың табысын молайтуға бағытталған нақты шараларды қарастырады.
Мысалы, жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтуды ұлғайту жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ қарсы міндеттемелерді іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі.
АӨК саласында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында кооперация, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру тетіктерін кеңейту жөніндегі шаралар көзделген. СҚО-да биылғы жылы ауыл тұрғындарына шағын несие беруге 2,6 млрд теңге бөлінді. Ауылда кооперация дамып келеді, бүгінде 137 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.
"СҚО-да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұрғындар алдында жауапкершілігі бар. Бұл ретте ауылдық округтер әкімдіктері мен ЖШС арасындағы екіжақты меморандумдар үлкен рөл атқарды", – деп атап өтті вице-премьер өз сөзінде.
Елімізде экономиканың барлық салаларында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және жұмысшы жастарды қолдауға көңіл бөлінуде. Түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан мансаптық орталықтарын құру жоспарлануда. Жұмыс істемейтін және оқымайтын NEET санатындағы жастарды экономикалық белсенділікке тарту бойынша нақты шаралар қабылданатын болады.
Негізгі бағыт – халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін СҚО-да 13 мың жұмыс орны ашылады. "Бірінші жұмыс орны", "Жастар практикасы" және "Ұрпақтар келісімшарты" және басқа да жобалар шеңберінде жұмысқа орналастыру ұйымдастырылды.
Жалпы инвестиция көлемі 76 млрд теңгеден асатын 31 инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Бұл 1 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою және халықтың сатып алу қабілетін арттыру қамтамасыз етіледі. Мәселен, Солтүстік өңірде маңызды тауарлардың бағасын қолдайтын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.
"Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 атауының 15-і өндіріледі. Адамдар азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15% көлемінде сауда үстемесін сақтау мәселесі күнделікті бақылауда", – деді СҚО әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев.
Халықтың табысын арттыру жөніндегі міндеттерді орындауға Үкіметтің Ұлттық даму жоспарынан, тұжырымдамалардан және Ұлттық жобалардан бастап барлық негізгі бағдарламалық құжаттары бағытталған.
"Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің алдында ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр", – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Бүгінгі таңда СҚО-да "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы" іске асырылуда. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алатын халықтың үлесі 6%-дан 5,5%-ға дейін төмендеді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде орташа айлық жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті.
Сондай-ақ кеңесте облыс өкілдері халықтың табысын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.