VIII шақырылымдағы Мәжіліс төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды, деп жазады inbusiness.kz.
"VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағалығына қоғам және саяси қайраткер, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошановты ұсынамын", - деді депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мәжіліс төрағасы лауазымына 1 ғана кандидат ұсынылғанын атап өту керек. Халық қалаулылары тарапынан басқа ұсыныстар болмады.
Санақ комиссиясының төрағасы депутат Жанарбек Әшімжанов жасырын дауыс берудің нәтижесі жөнінде баяндама жасады. Оның ұсынған мәліметі бойынша депутаттар бір ауыздан Ерлан Қошановты жақтап дауыс берген.
Айта кетейік, Ерлан Қошанов 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылғанға дейін төменгі палатаның төрағасы болып еңбек етті. Сондай-ақ, ол 2022 жылғы 26 сәуірден бастап "AMANAT" партиясының төрағасы қызметін де атқарады.