Ернар Айдар алданды ма әлде халықты алдады ма?

1647

Ұйымдастырушыларда іс жүзінде пәтер, қымбат көлік, тұрмыстық техниканың ешқайсысы болмаған.

Ернар Айдар алданды ма әлде халықты алдады ма?

Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті жалған ұтыс ойынын ұйымдастырған бір топ адамның үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар әлеуметтік желіде жалға алынған көліктер, шынайы сатып алынбаған пәтерге лоторея жариялаған. 

Аталған факт бойынша 24 сәуір күні әнші Ернар Айдар мен тағы 12 азамат тұтқындалған.

Араға бірнеше күн салып өнер адамы желідегі парақшасында қалың көпшілікпен бірге өзінің де алданғанын хабарлап, тыңдармандарына үндеу жолдады.

"Ардақты ағайын, бүгін ғана телефонды қолыма алдым. Біріншіден, мен үшін уайымдап, қолдау көрсетіп жатқан  барша ағайынға алғысымды білдіремін және осы істің ақ-қарасын білмей сыртымнан қаралап жатқан ағайынға Алла сабыр берсін. Сол ұтыс ойынын ұйымдастырғандардың барлығы қамауда. Қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал оның әділ өтуіне мен де көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке көмегімді беремін деп мен де алданып қалдым. Баршаңызға сабыр тілеймін. Барлығы әділ өтеді деген сенімдемін", – деді әнші желідегі парақшасында.

Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, тұтқындалғандарда әлеуметтік желіде ұтысқа тіккен пәтер де, төрт қымбат көлік те, тұрмыстық техника да іс жүзінде болмаған.

"Ұйымдастырушыларда іс жүзінде мұндай сыйлықтар болмаған. Қатысушыларды алдап, сендіру үшін олар жеке тұлғалардан 4 көлікті жалға алған. Интернет кеңістігінде жарнама жасау арқылы құны 9900 теңге тұратын  20 000-нан астам ұтыс билеті сатылған", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде тұтқындалғандардың үстінен 190 бап "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алаяқтық әрекеті" бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу