Ертіс өзені арқылы өтетін көпір үш жыл бойы салынады

Оған қазынадан 39 млрд теңге қарастырылмақ. 

Ертіс өзені арқылы өтетін көпір үш жыл бойы салынады Фото: ҚазАвтоЖол

Павлодар қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің бірнеше жыл бойы апаттық жағдайда тұрғанын бұған дейін де жазған едік. Бұл көпір бас қала мен Шығыс Қазақстанды, сондай-ақ Ресейдің өңірлерін байланыстырады. Сондықтан тоғыз жолдың торабында тозығы жеткен бұл көпірді уақыт оздырмай жаңарту өзекті болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген көпір 2017 жылы апаттық жағдайда деп танылған-ды. Арада алты жыл уақыт өтсе де өзгерген ештеңе жоқ. Бұған жауапты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы 2019 жылы жаңасын жобалауға кіріскенімен, бюджеттен тиісті қаржының бөлінбеуі салдарынан құрылыс жұмыстары тек қағаз жүзінде қалып отыр. Ал бұл уақытта жүк көліктері ескі жолдан айналып өтіп, тек жеңіл көліктердің қатынауына рұқсат берілген.

Көпшілік көптен күткен көпірдің құрылысы бірнеше айдан соң басталуы мүмкін. Жоспар бойынша, "Казахдорстрой" ЖШС келесі айда ресурстарды жинауды бастайды. Содан соң негізі қалануы тиіс.

"ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың айтуынша, құрылыс 25 айға созылады. Бұл ретте қысқы уақытта жұмыстар тұралап қалады. Демек, жаңа көпірді тек үш жылдан соң көруіміз мүмкін.

"Көпірдің пайдалануға берілер уақыты қаржыландыруға тікелей байланысты. Егер тиісті сома уақытылы бөлінсе, мәселе туындамауы керек. Жаңасын салу кезінде ескі көпір арқылы көлік қозғалысы жалғаса береді", - дейді Алексей Логвиненко.

Демек, апаттық көпірді әлі кем дегенде үш жыл пайдалануға тура келеді. Ал жаңасы оның оң жағынан бой көтереді. Оның жалпы ұзындығы 2,7 шақырым болмақ. Пайдалануға тапсырылған соң ескі жол бұзылады. Оның өзіне бірнеше ай керек.

Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыруға 39 млрд теңге қажет. "ҚазАвтоЖол"-дың мәліметінше, ол құрылысы тұрғысынан қиын нысандардың қатарына жатады. Ерекшелігі сол, жүктеменің негізгі бөлігі тірек бағандарға түседі. Бұл өз кезегінде көпір үстінен ұзақ уақыт жүруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, былтыр өңір жұртшылығымен жүздескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодардың логистикалық, транзиттік әлеуетін пайдалануға ескі көпір мүмкіндік бермей отырғанын алға тартып, Үкіметке 2023 жылы көпір жобасын бастауды тапсырған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу