Павлодар қаласында осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салынған болатын. Бүгінде оның әбден тозығы жетіп, апаттық жағдайда тұр. Ал жаңа көпірдің құрылысына әзірше тиісті қаражат бөлінбей отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
1962 жылы Ертіс өзенінің үстінен салынған көпір осыдан алты жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылды. Сол уақыттан бері оның үстінен жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынған. Қазіргі таңда тек жеңіл көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустар өзеннің үстімен өтеді. Ал салмағы 10 тоннадан асатын техникаларға шаһарды айналып өтуден басқа амал жоқ.
Бұл мәселе жылдар бойы көтеріліп келе жатқанымен, осы уақытқа дейін толық шешімін таппай келеді. "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы жоба жасап, оның іске асуы үшін бюджеттен 40 млрд теңге көлемінде қаржы сұраған болатын. Алайда мемлекеттік қазынадан мұндай сома бөлінбегендіктен, жүргізушілер мен жолаушылар әлі күнге дейін бұл көпірден жанын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр.
Бұл мәселеге былтыр облысқа жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл аударды. Аударып қана қоймай, нақты тапсырмалар берді.
"Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет", - деген еді Мемлекет басшысы.
Араға бір ай салып ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "сүйінші" хабарды жеткізді. 2023 жылы қазіргіден едәуір кең, төрт жолақты, заманауи талаптарға сай көпірдің құрылысы басталатынын жалпақ жұртқа жария етті.
"Көпірдің ұзындығы - 2,7 шақырым. Жобаның жалпы құны – 40,3 млрд теңгеге жуық. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталмақ. Қосымша қаражат әкімдіктің қажетті құжаттар тізілімі көрсетілген бюджеттік сұранысы негізінде беріледі", - деп жазылған еді хабарламада.
Осындай жаңалықты естіген Ертіс-Баян жұртшылығы бір қуанып қалған еді. Мұндай хабар Павлодар арқылы Астана мен Шығыс Қазақстан арасында қатынайтын жолаушыларға, Ресейге тауар тасымалдайтын жүк көліктері иелеріне де майдай жаққаны анық.
Алайда көпір құрылысының мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр. 2023 жылдың басталғанына бір айдан астам уақыт өткенімен, Қаржы министрлігі қаражат бөлуге асықпайтын көрінеді. Сонда бұл іс созбалаңға салынар болса, көпір құрылысы қашан басталып, қашан аяқталады?
"ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы Павлоар облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың сөзінше, олардың тарапынан тиісті құжаттар дайын.
"Ескі көпірдің қанағаттанарлықсыз жағдайда екені белгілі. Біз оны күтіп-ұстау үшін барымызды салып-ақ жатырмыз. Президент өзен арқылы өтетін жаңа көпір салуды тапсырды. Соған сәйкес, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының орталық аппараты Қаржы министрлігіне қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім берді. Бірақ бұл мәселеге қатысты шешім әзірше жоқ", - деп мәлімдеді Алексей Логвиненко.
Айта кетейік, жобаға сәйкес, жаңа көпір 25 ай аралығында салынуы тиіс. Яғни, құрылыс жұмыстарының өзіне екі жылдан астам уақыт керек. Тағы 14 ай ескі көпірді бұзуға жұмсалады. Демек, жұрт жаңа көпірді 2025 жылдың соңына қарай ғана көруі мүмкін. Қаржы қарастыру мәселесі тағы сиырқұйымшақтанып кетсе, жұмыстың әрі қарай шегерілуі әбден мүмкін. Ал бұл уақыт аралығында осыдан 60 жыл бұрын салынған көпір шыдас бере ме? Қазірдің өзінде "Шықпа, жаным шықпа" деп тұрған маңызды жолдың осы уақыт аралығында опырылып түспесіне кім кепіл?! Мұндай оқыс оқиғаға жеткізбеу үшін министрлік тарапынан қаржы бөлу жағдайы уақыт оздырмай шешілгені дұрыс болар еді. Әйтпегенде, өзен үстінен өтетін көпірдің жүк көлігі түгілі жеңіл көлікті "көтере алмай" қалатын түрі бар.