Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі де "Қаптаған спорттық федерацияға қаржы құю қашан тоқтайды?" деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.
Мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын баяндаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты депутаттар сұрақтың астына алды.
Солардың бірі – Ерлан Сайыров. Депутаттың мәліметінше, елдегі спорт саласында логикаға сыймайтын әрекеттер жетіп артылады.
– Қазақстанның спорт саласында логикаға сәйкес келмейтін қадамдар мен шешімдер өте көп. Сол қадамдардың біреуі – Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанда 180 спорт түрін тіркеуі. Ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша?! Ұлыбританияда – 15, көрші Өзбекстан мен Германияда 17 спорт түрі тіркелген. Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген. "Бұл не мырзалық?" деген сұрақ туады. Спорт түрлерінің тағдыры қандай болады және ешкім танымайтын, білмейтін спорт түрлеріне бюджеттен ақша беруді тоқтатамыз ба, жоқ па? – деп сұрақ қояды депутат.
Өз кезегінде Ербол Мырзабосынов "Заң жобасы аясында осы мәселе қаралады" деді. Қазіргі күні бағдарламада басым спорт түрі нақтыланып жатқан көрінеді. Демек, алдағы уақытта аталған статистикалық мәлімет міндетті түрде қысқармақ.
– 180 спорт түрінің ішінен басым спорт түрін анықтау осы заң аясында жүріп жатыр. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындары, Пара Азия ойындарына кіретін спорт және ұлттық спорт түрлерін осы бағдарламада басым спортқа бекітеміз. Алпысқа жуық спорт түрі болады. Министрлік тарапынан мониторинг тобы құрылған. Әр өңірде саралап, анализ жасалып жатыр. Географиялық орналасуына, тарихына, инфрақұрылымға байланысты әр өңірге басым спорт түрін бекітеміз, – деп жауап берді министр.