Елордалық 5573 әскери бөлімде Есіл өзеніне батып бара жатқан елорда тұрғынын құтқарған Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының бұйрығымен кіші сержант Айбат Есіркеп пен қатардағы жауынгер Оралбек Жиенбай “Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл” медалімен марапатталды. Сондай-ақ қатардағы жауынгерлер Нұрбол Тілеубек пен Ерболат Қанатбек астаналық жедел құрама командирінің грамотасымен марапатталды.
Батырларға марапатты салтанатты түрде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, “Халық қаһарманы”, полковник Қайрат Үмбетов табыс етті. Бас тәрбиеші сарбаздарға батыл іс-әрекеттері үшін алғыс білдірді.
"Бүгінде Ұлттық ұланның жеке құрамы өздеріне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Біздің сарбаздарымыздың бұл әрекеті ұландықтардың антқа адал екенін және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға айтарлықтай үлес қосатынын тағы да дәлелдеді. Сол күні олар жанқиярлық танытып, өз өмірлерін қатерге тігіп, батылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында адам өмірі арашаланып қалды. Барлық жас жауынгерлерге қызметте табыс, барлық бастамаларына сәттілік, лайықты қызмет және үйлеріне аман-есен оралуын тілеймін", – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 9 тамызда болған. 5573 әскери бөлімінің әскери жасағы патрульдеу кезінде ер адамның Есіл өзенінің жағалауы жағынан көмек сұрап айқайлағанын естіген. Ұландықтар суға батып бара жатқан азаматты құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.