Еуропалық Одақ ЖИ жұмысын реттейтін тарихи заңды дайындады

363

Жасанды интеллект кезінде интернет сияқты біздің өмірге етене араласып, жарық жылдамдығымен дамып жатыр, сондықтан болар оның мүмкіндіктерінен қорыққан күллі әлем енді оны тез арада реттеу амалдарын ойластырып жатыр.

Еуропалық Одақ ЖИ жұмысын реттейтін тарихи заңды дайындады Фото: digital-energy

Күні кеше ғана Еуропарламенттің бейіндік комитеттері жасанды интеллектке негізделген жүйелер мен құралдарды пайдаланудың әртүрлі аспектілерін қарастыратын ЖИ туралы заңды (AI Act) алдын ала мақұлдады.

Ал бүгін Deutsche Welle жобасының менеджері, digital сарапшы Бахия Альбрехт Еуропалық Одақ заңды құрастыру жұмыстары толығымен аяқталғанын, енді оны енгізу ғана қағанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Жасанды интеллект кең өріс алып жатқанда оны реттей алатын әзірге ешқандай заңнама қабылданған жоқ, бірақ осы бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр, мысалы, Еуропалық одақ қазір ЖИ-ге қатысты арнайы заңнаманы құрастыруды аяқтады, енді оны енгізу ғана қалды. Онда қаралған басты мәселелердің бірі – егер жасанды көмекші құрастырған шығарма, музыка не видео сіздің жұмысыңызда пайдаланылса, оны міндетті түрде көрсету керек. Тағы бір мәселе – барлық елдерге ортақ бір Заң бекітілуі тиіс. Оны бекітіп қана қоймай, оны уақытылы енгізу міндетті, өйткені интернет пен әлеуемттік желілермен кеткен қателікті қайталамауымыз керек", - деді Бахия Альбрехт.

11 мамырда Еуропарламенттің ішкі нарық және азаматтық бостандықтар жөніндегі комитеттері мақұлдаған ЖИ негізіндегі технологияларды пайдалануды реттейтін заң жобасында жасанды интеллект технологияларын қауіптілігіне қарай белгілі-бір санаттарға бөлу ұсынылды. Сондай-ақ, жобада қоғамдық орындарда тұлғаны тану технологиясын қолдануға (Қытайда кеңінен пайдаланылатын технология – ред.) және полиция қызметкерлеріне ЖИ қолдану арқылы құқық бұзушылықтарды болжауға тыйым салу, сондай-ақ генеративті ЖИ жүйелерін (мысалы, сенсациялық ChatGPT) реттеу шаралары бар.

AI Act OpenAI, Amazon, Google мен IBM сияқты америкалық компанияларға жасанды интеллекттің генеративті модельдеріне API-ға қосылуға тыйым салады. Сонымен қатар ЕО аумағында жұмыс істейтін кез-келген модель арнайы лицензия алуы тиіс, одан өтпегендерге €20 млн немесе әлемдік кірістің 4%-ына тең сомада айыппұл салынады. Ашық бастапқы әзірлеушілер мен хостинг қызметтері (мысалы, GitHub) лицензиясы жоқ модельдерді ұсынғаны үшін жауапқа тартылады. Сол арқылы ЕО негізінен АҚШ-тың технологиялық экожүйесінің маңызды бөліктеріне санкциялармен қауіп төндіріп отыр.

Басқа елдер де жаңа технологияларды реттеу қажеттілігі туралы ойлана бастаған. Сәуір айының соңында жапондық Kyodo басылымы "Үлкен жетілік" елдері — АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Канада, Италия, Франция — AI қолданудың халықаралық стандарттарын құрастыруға кіріскенін хабарлады. 

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуынан сескенген әзірлеушілердің өздері оны реттеу шараларын ойластыруды өтінді. Наурыз айының соңында IT индустриясының мыңнан астам жетекші әлемдік өкілдері ашық хат жариялап, онда олар қауіпсіздік хаттамаларын әзірлеу үшін ЖИ жүйелерін оқытуды кем дегенде алты айға тоқтата тұру қажеттігі туралы мәлімдеді. Бір қызығы, кейін олардың қатарына әйгілі ChatGPT чатботын жасаған OpenAI компаниясының басшысы Сэм Альтман да қосылды.

Жасанды интеллект қазір барлық салаларда белсене қолданыла бастады, бұқаралық ақпарат құралдары да қарап қалған жоқ. Лондон экономика мектебінде жүргізілген арнайы зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 150-ден астам түрлі баспасөз қызметтерінің ішінде әр төрт жаңалық таратушы БАҚ-тың үшеуі өз жұмысында ЖИ қолданатыны анықталды, ал олардың 80%-ы жасанды көмекшіні одан әрі де белсене қолданатындарын айтады. Deutsche Welle жобасының менеджері ретінде Бахия Альбрехт Германидағы медиада ЖИ-дің қолдану аясында баяндады. Оның айтуынша, өзі істейтін газетте жасанды көмекші толыққанды қолданып жатқан жоқ, тек жаңалықтар бөлімінде ақпаратты автоматты түрде өзге тілдерге аудару функциялары ғана іске қосылған. 

Салыстырмалы түрде Қазақстан медиасы бұл бағытта іргелі жетістіктерге жеткен. ChatGPT сынды чат-боттар эксперименталды түрде жаңалық әзірлеу, сұхбатқа сұрақтар дайындау, рерайт барысында қолданылады және теледидарларға аудионы автоматты түрде аудару функциясы қосылған. Ал Atameken Business телеарнасы 2020 жылы қазақстандық медиада жаңа серпін әкелді – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін алғашқы виртуалды жүргізуші I-Sanj эфирге шықты.

Араға үш жыл салып биыл 7 наурызда телеарнада кезекті цифрлық жаңалық – қазақ тіліндегі алғашқы виртуалды жүргізуші – i-Sana іске қосылды.

Цифрлық көмекшінің техникалық жағы туралы айтар болсақ, роботты әзірлеу Python бағдарламалау тілінде жүргізілді. Виртуалды жүргізушіні құруда еңбек еткендер  –Александр Серов пен Вячеслав Бублик. Олар жұмыс барысының қыр-сырымен бөлісті.

Машиналық оқыту модельдерімен жұмыс істеу үшін әзірлеушілер кең таралған PyTorch фрэймворкын қолданды. Бейнені жылдам түрлендіру үшін әзірлеушілер wav2lip машиналық оқыту моделін негізге алған. Ол қалай жұмыс істейді? Wav2lip бірнеше модельдерден тұрады: сараптамалық модель, аудио кескін генераторы, визуалды кескін сапасының дискриминаторы. Сапаны жақсарту жолында конфигурацияланған AutoVC бағдарламалық жасақтамасы дауысты түрлендіру үшін қолданылды. Сөйлеу синтезі үшін Tacotron 2 қолданылды, дауыстан сөйлеу генерациясының нейрондық желісі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу