Фельдшер ісіндегі судья соттан шеттетілмейтін болды

Бұған дейін қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы Ұлдана Мырзуан ісінде адвокаттың судьяға қарсылық білдіргенін жазған едік.

Фельдшер ісіндегі судья соттан шеттетілмейтін болды Фото: Baq.kz/Гүлжан Раманқұлова

Десе де, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы С.Сембаев судьяға қарсылық танытқан адвокаттың өтінішін қанағаттандырған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаза кетейік, сот талқылауында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Әлімов төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіру туралы өтініш жасады. Басты себеп – оның сот талқылауын кейінге қалдыру және қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт беру туралы өтінішін қанағаттандырмағаны. 

Адвокат бұл іске бүгін, яғни 2026 жылдың 20 тамызында ғана кіріскенін көрсетіп, жеткілікті уақыттың болмауы өз қорғауындағы С.Жұбаниязованың Конституциямен кепілдік берілген қорғалу құқығын бұзатынын, сондай-ақ оның қорғаушы ретіндегі құқықтарын шектейтінін айтқан-ды. 

Сот отырысында судья М.Абаева қарсылықты қарау үшін үзіліс жарияланды. Оны Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Самат Сембаев қарады. 

– Сот процеске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, мынадай қорытындыға келді. Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабының 1-бөлігінде көзделген судьяға қарсылық білдіру негіздерінің тізбесі кеңейтілген түсіндіруге жатпайды. Бұл жағдайда қарсылық білдіруге адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту түрінде төрағалық етуші судья қабылдаған процестік шешім негіз болған. Алайда мұны істің нәтижесіне деген жеке мүдделілік деп бағалауға болмайды. Осы мән-жайларды ескере отырып, "қорғаушы судья Абаеваны қылмыстық істі қарауға қатысудан шеттету қажет" деп санайтын негіздер орынсыз деп танылады. Себебі, судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін көрсететін жеткілікті дәлелдер ұсынылмаған, – деді Самат Сембаев.

Сонымен, сотталушы С.Жұбаниязованың қорғаушысы, адвокат А.Әлімовтың қылмыстық іс бойынша төрағалық етуші судья М.Абаеваға білдірген қарсылығы қанағаттандырылмады. 

Еске салайық, қаулыға шағым беруге болмайды. Қаулымен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда және прокурордың өтінішхатында көрсетілуі мүмкін.

Бұған дейін қызмет бабында қайтыс болған фельдшердің соты тікелей эфирде көрсетілетінін хабарладық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу