Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды зауытындағы апаттан зардап шеккендерді емдеуге неге ресейлік мамандар тартылғанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
inbusiness.kz тілшісі министрден "Қарағандыдағы апатқа байланысты зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ресейден жетекші мамандар тартылғаны белгілі болды. Мамандар неге Ресейден тартылды? Бұл біздің елімізде комбустиология, яғни күйік саласының мамандары тапшы екенін, білікті мамандар жетіспей жатқанын көрсете ме?" деп сұрады.
"Жылдың аяғына дейін шұғыл медициналық көмек көрсететін республикалық орталық ашылады. Соның ішінде осы комбустиология саласына байланысты тиісті көмек көрсететін барлық құрал-жабдықтар бар. 5 төсек орны бар. Үлкен күйігі бар науқастарға көмек көрсетуге арналған. Негізінен айтарлықтай тапшылық жоқ. Омбы қаласынан ТЖМ бригадасы қосымша келіп, өз дәрігерлерімен бірге жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыс берушінің өзінің ұсынысы бойынша жасалған қадам. Қазақстан тарапынан тиісті көмек ұйымдастырылды. Мұнда күйіктің өте жоғары дәрежеде екенін түсінуіміз керек. Негізінен бүкіл көмек көрсетіліп жатыр", - деп жауап берді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ұлықбек Медеубековтің сөзінше, науқастар Қарағандыдағы Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді орталыққа жеткізілгеннен кейін Астана қаласындағы Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология-ортопедия орталығының бас директоры, орталықтың комбустиология маманы, неврология және хирургия бөлімшелерінің меңгерушілері Қарағандыға аттанған.
"Ресейден мамандардың шақырылуы – жұмыс берушілердің бастамасы. Біздің мамандардың атынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Науқастардың көбі термиялық күйік алған. Бесеуінде күйік дәрежесі 70 пен 100 пайыздың арасында, басы, аяқ-қолы ғана емес тағы да ингаляциялық күйікпен зақымданған. Сондықтан жағдайлары өте ауыр", - деді Ұлықбек Медеубеков.
Оның сөзінше, әрбір өңірде комбустиолог маман бар.
Айта кету керек, осыған дейін Қарағанды зауытындағы оқиғадан зардап шеккендерді емдеуге ресейлік дәрігерлер шақыртылғанын жазған болатынбыз.