Финляндия Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне ерекше дайындалып жатыр. Өйткені бұл ел инновациялық жетістіктер бойынша әлемде үшінші тұр. Сондықтан "ақылды" технология бағытында көпшілікті таңдандыруға барын салмақ, деп хабарлады Хабар 24.
Биыл Финляндияның Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толды. Астана өтетін ЕХРО көрмесі финляндиялық өнертапқыштар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Өйткені осы елдің 50-ден астам компаниясының "жасыл" технологиялары 400 шаршы метрлік павильонға орналасады.
"Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Өйткені "жасыл" энергетика саласында үлкен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Енді оны бүкіл әлемге паш етіп, тәжірибемізбен бөліссек дейміз", - деді Финляндияның мемлекеттік хатшысы Паула Лехтомяки.
Шынымен Финляндияда жасыл технология бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп. Мәселен елдегі қоқыстың 90%-ы қайта өңделеді. Сонымен қатар бензин орнына биоотын, ал көмір орнына биомасса қолданылады. Баламалы қуат көздерінен алынған энергия жалпы қажеттіліктің 38%-ын жабады. Жоспар бойынша мұндай көрсеткішке Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай жетуі керек. Ал Финляндия ол межені қазірден-ақ бағындырып тастады.