Халықаралық Фитч агенттігі Қазақстанның инвестициялық рейтингіне "трипл Би"- тұрақты деген баға берді. Агенттік еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін факторлар мен қауіп-қатерлерді де атаған. Сонымен, Фитч сарапшылары қандай қауіптерді көрді, қалай оның алдын алуға болады?
Фитч агенттігінің "Трипл Би" деген бағасы инвестициялық рейтингтің ішіндегі ең төменгі көрсеткіші. Бұл рейтингке қол жеткізуге еліміздің Халықаралық валюта қоры мен Ұлттық қордың резервтері әсер еткен. Яғни, бұл буферлер Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Дағдарыс және сыртқы шоктар төнген жағдайда ел экономикасы төтеп бере алады деген сөз. Десе де, Фитч агенттігі Қазақстанға бірқатар сын айтып, кеңестер берген. Мысалы, фискалды саясаттағы тұрақтылықтың жоқтығы.
"Фитч агенттігі Қазақстанның Фискалды саясатына-1 деген баға берді. Себебі, Қазақстан мемлекеттік шығындарды көбейтіп жатыр, және бұл Ұлттық банктің ақша-кредит саясатымен келісілмейді. Қазір елімізде инфляция 2 таңбалы және Ұлттық банк ақша-кредит саясатын қатаңдатты. Осы ретте, мемлекеттік шығындарды азайту керек еді. Алайда, наурызда шоғырландырылған бюджет қайта қаралып, денсаулық сақтау және әлеуметтік жағдай жұмсалатын шығындарды өсірді. Бұл Қазақстан экономикасына сын-қатер боп саналады", экономист Ғалымжан Айтқазин.
Сарапшылардың сөзінше, сыртқы макроэкономикалық жағдайда бұрыннан бері қалыптасқан сын-қатерлер сақтала бермек. Мысалы, экспорттық бағыттар бойынша Каспий құбыры консорциумы ең басты қауіп болып қала береді. Сондай-ақ, мұнай бағасына тәуелді шикізаттық экономика, бюджеттегі тапшылық, ғаламдық инфляция. Ең басты қауіп батыстың санкциялары.
"Бүгінде Еуропалық және Америкалық тікелей ескерту жасап отыр. Бұл жерде Қазақстан үшін санкцияға іліну қаупі өсіп келеді. Ресеймен шекара ұзын және екі ел арасындағы сауда саттықты бақылауға алу оңай шаруа емес", деді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек.
Мұндай сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстанның сыртқы Ұлттық қоры мен Халықаралық валюта қоры, мемлекеттік қарыздың Жалпы ішкі өнімге шаққандандағы көрсеткішінің төмендігі елімізге өз рейтингін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Десе де, Фитч рейтингісін көтеру үшін Қазақстан мемлекеттік шығындарды азайтып, Ұлтық қор ақшасын үнемдеуі тиіс. Ал, Үкімет пен Ұлттық банкке фискалды монетарлық саясатты келісіп жүргізуге кеңес берілді. Фискалды жеңілдіктерді қысқартып, мемлекеттік қазынаны салықтың есебінен толтыру жағын қарастыру керек,- дейді сарапшылар. Сондай-ақ, экономиканы әр тараптандырып, шикізатқа тәуелділіктен арылған жөн. Бұл тек Фитчтің ғана емес, басқа да халықаралық рейтингтік агенттіктердің жиі беретін кеңесіне айналды.