Франция президентінің сөзін сынға алғандар көбейді

Бұған дейін Эммануэль Макрон Еуропаны Ресей қаупінен қорғау үшін Францияның ядролық күштерін пайдалану мүмкіндігін талқылауға шақырған еді.  

Франция президентінің сөзін сынға алғандар көбейді Фото: Газета.Ру

Осыған орай, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров оның айтқандарына қарсы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Радио Маяк" ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Песковтың сөзінше, Франция президенті НАТО-ның әскери инфрақұрылымы Ресей шекарасына қарай үдемелі түрде жылжып жатқанын мүлде елемеген. Ол Макронның "Ресейдің Минск келісімдерін бұзды" деген айыптауына да жауап берді.

– Макрон мырза оның алдындағы президент Франсуа Олландтың Минск келісімдерін ешкім орындауға ниетті болмағанын ашық мойындағанын ұмытып кеткен сияқты. Бұл келісімдер Украинаға уақыт беріп, қарулануына мүмкіндік жасау үшін жасалғанын өзі айтқан болатын, – деді Песков.

Ал Сергей Лавров Макронның сөзін "Ресейге бағытталған ашық қауіп" деп бағалады.

– Өзінен бұрынғы Наполеон мен Гитлер сияқты Ресеймен соғысқысы келгендерден айырмашылығы, Макрон оны сәл өзгеше түрде жеткізгісі келеді. Ол "Ресейге қарсы күресу керек" дейді, бірақ соны "Францияның жеңіліп қалмауы үшін жасап жатырмыз" дегендей етіп көрсетеді. Яғни, мақсаты – сол баяғы Ресейді жеңу, – деді Лавров.

Бұған дейін Путин Макронның мәлімдемесін мазақ етіп, Наполеонның да Ресейді жаулап алмақ болғанын еске салған еді. 

Еске салайық, Макрон француз халқына жасаған үндеуінде Ресей мен Украина арасындағы соғыстың "ғаламдық қақтығысқа" айналғанын және Еуропаның қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген-ді.

Франция президенті Украинаға капитуляция жасауға болмайтынын және әлемдік тәртіп Мәскеудің шарттарымен орнамауы керектігін де сөз етті.

– Еуропаның болашағы Вашингтонда да, Мәскеуде де шешілмеуі керек, – деп қоса кетті Макрон.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу