Өткен сейсенбіде басталған наразылық шеруі жалғасын тауып, қара киінген ондаған демонстрант Парижде өткен манифесттер кезінде полициямен бетпе-бет келіп, дүкен терезелерін сындырған. Акцияға қатысушылар негізінен жалақыны көтеруді талап етуде, өйткені инфляция олардың әлеуметтік жағдайын біршама әлсіреткен.
Биліктің мәліметінше, Парижде 11 адам қамауға алынған. Бұл ретте Франция ІІМ 107000-ға жуық адамды солшыл партиялар мен кейбір кәсіподақтар ереуілге шығуға итермелегенін мәлімдеді.
Париж көшелеріне ресми мәліметтер бойынша 13 мың демонстрант шықты делінсе, CGT кәсіподағы акцияға күндіз 70 000 адам қатысқанын мәлімдеді.
Аймақтық пойыздар қозғалысы шамамен жартысына қысқарды. Өйткені бірнеше теміржол кәсіподақтары көпжылдық инфляцияға қатысты қоғамдық ашудан пайда табу үшін ұлттық ереуілге шықты, деп атап өтті RFI. Сонымен қатар Eurostar ереуілге байланысты Лондон мен Париж арасындағы кейбір пойыздарды тоқтататынын айтты.
Шеруге қатысушылардың ашуы барған сайын күшейіп, тілшілер полицияның адамдарды қамауға алып жатқанын хабарлаған, ал әлеуметтік желілерде қара киім киген бәз біреулердің дүкен терезелерін сындырып жатқан видеолары таралған.
Оппозициялық саясаткерлердің бірнеше апта бойы халықты шығуға үгіттеген сейсенбідегі наразылықтар шеруі Эммануэль Макронның бірінші Президенттік мерзіміндегі “сары жилеттілердің" ұзаққа созылған ереуілімен салыстыруға келмейді. Бірақ жалпыеуропалық энергетикалық дағдарысты ескерер болсақ, бүгінгі шеру мамыр айында қайта сайланған Елисей сарайының қазіргі қожайыны үшін ең маңызды мәселеге айналып отыр.
Елдегі ең ірі мұнай-газ компаниясы TotalEnergies-тегі ереуілдердің бензин қолжетімділігіне әсері, міне, төртінші апта бойы бәсеңдемегенін ескерсек, Франция үкіметі шұғыл шаралар қолданбаса, инфрақұрылымның басқа бөліктерінің істен шығуына әкелетін ереуілдер болуы мүмкін.