Ғалым: ауыл шаруашылығы саласында жүйелі саясат жоқ

472

Ауыл шаруашылығы саласында жүйелі саясат жоқ. 

Ғалым: ауыл шаруашылығы саласында жүйелі саясат жоқ Фото: inbusiness.kz

Бірінен соң бірі ауысқан министрлер өз қара басы үшін жұмыс істейді. Жылдар бойы жобасы үкіметтен қолдау таппай келе жатқан Атыраулық ғалым осылай дейді. Жазы жұтаң, жері сортаң мұнайлы өңірде түйежоңышқаның бірнеше сортын өсіріп отырған профессор, тұқым өндірісіне көңіл бөлу қажеттігін айтады. 

Болат Мұхамбетов 50 жылдан аса тәжірибесі бар ауылшаруашылығы саласының маманы. Жылдар бойғы еңбегінің арқасында ғалым селекциялық жолмен тұқым сортын шығарып, Атырау облысында түйежоңышқа өсіріп отыр.

"Менің түйежоңышқамның бүкіл жер бетіндегі сорттардан айырмашылығы тұзға шыдамды. Екіншісі 200 центнерге дейін мол өнім береді. Қазақстанда түйежоңышқа бірінші жылы өнім бермейді негізі. Мал жайылуға өте қолайлы шөп. Себебі оны қазір жеп кетсе, ол ертеңіне шығып тұрады. Бұл бізде 177 күн бойы малды жаюға мүмкіндік береді", - дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов.

Осы уақытқа дейін ерекшелігін дәлелдесе де, ғалымның жобасына әкімдіктегілер мен үкіметтегілер пысқырмайтын көрінеді. Шаруа субсидия да алмайды. Жалпы елдегі ауыл шаруашылығында жүйелі саясат жоқ деген маман, кез-келген жұмыстың ғылыми негізі болмаса, еңбек еш кетеді дейді. 

"Ғылымды дамытып, ғылыми негізде жұмыс істеймін десе, бүкіл саланың барлығына субсидия берер кезде, басқа жобалардың бәріне ғалымдар қатысу керек. Солар экспертиза беру керек. Сонда ғана жөнге қойылады. Қазір кім болса сол жүгіріп шығып, банктің бастығымен жақсы, иә болмаса шенеуніктермен жақсы қағазын толтырады да ақшаны алады, оның бәрі қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Министрлік те оған қарамайды, ауыл шаруашылығындағылар да қарамайды. Бәрінің құлағы жоғарыда, не айтса соны орындайды, ал төменде не болып жатқанын ешкім білмейді", - дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов.

Қазақстандағы ғылым саласының кенде қалғанын биыл мемлекет басшысы да айтқан еді. Ғалымдарға айрықша міндет жүктеп, экономиканы жаңғыртуда ғылым маңызды рөл атқаруы тиіс деді. Алайда, жергілікті әкімдік атынан мәселені түсіндіруге шыққан маман жаттанды жауаптан әріге аспады.

Биыл Атырау облысында 850 мың бас мал қыстаққа түседі. Оларға бас-аяғы 600 мың тонна ірі сабақты мал азығы дайын. Қажетті жем шөпке 2 млрд 131 млн теңге субсидия бөлінген. Бұл былтырғы қаржымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бірақ осы миллиардтардың ішінен ғылыми негізде екпе шөп өсіріп отырған шаруаға ақша жоқ.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу